07 Маусым, 2016

 «Қыздардан» неге қашамыз?

427 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

07-06-16-voleybol-2

Қазіргі қазақ қоғамы қыз атаулыға қырын қарайтындай ма, қалай? Бабалардан жеткен құрмет-сыйдың көкесі қыздарға арналмаушы ма еді! «Қыз – жат жұрттық» деп төрге оздыратын қашанда. Ақын біткеннің әдебиет әлеміне басқан қадамы да, тырнақалды туындысы да бойжеткендер ауылынан бастау алатын. Осы тұста ойыма ақын Тоқаш Бердияровтың қанатқақты өлеңі түсіп отырғаны. Ақыннан журналистердің бірі  «Тұңғыш жазған өлеңіңіз есіңізде ме? деген сұрайды. «Есімде, төртінші сыныпта оқып жүргенде жоғары сыныптың бозбалаларының өтініші бойынша жазғанмын». Қыз десе, қызамыз, Қаламды сызамыз. Сіз – болсаң Қыз Жібек, Төлеген – біз нағыз. Тоқаш ақынды поэзия әлеміне бастаған  алғашқы туындысы. Кіршіксіз таза сезім. Қыз Жібектің сіңлілеріне арналған. Қыз Жібек демекші, қазіргі спорт журналистері Қыз Жібек қандайда бір сайыстың түрінен құрама сапында өнер көрсететін болса, әлдеқашан «Әйел» Жібекке» айналдырып жіберуі мүмкін-ау бүгінгі сөз саптасымен... Олай дейтініміздің өзіндік жөні бар. Күні кеше ғана Астана төрінде бокстан қыздар арасында өткен әлем чемпионатында төрт қызымыз алтын медальға, екі қызымыз қола медальға қол жеткізіп, Айды аспанға бір-ақ шығарды. Бұрын-соңды болмаған жетістік қой, біраз әңгімеге тұздық болды.  Мақтануға келгенде алдына жан салмайтын қазекең үшін мұндай мүмкіндікті қалт жіберуге бола ма? Әлем чемпионатында алдына ел салмаған Қазақстан құрамасы туралы теңеудің неше атасы айтылды. Жеңісті де, жетістікті де  қазақ журналистері жапа-тармағай жеріне жеткізе жазды, елден сүйінші сұрады. Қазақстанның әйелдер құрамасы әлем чемпионатында толғай табысқа жетті деп. Сүйінші сұрағаны, мақтанғаны дұрыс-ақ, ал «әйелдері» несі?! Барлығы бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, «Қазақстанның әйелдер құрамасы» деп төрткіл дүниеге жар салғанын қайтерсің. Өзге жұрт ойламай ма осыдан кейін қазақтың әйелі де «әйел», қызы да «әйел» екен деп... Екі дүркін әлем чемпионы атанған Назым Қызайбай, Дина Жоламан, Валентина Хальзова, Ләззат Күнгейбаева сынды нағыз алтын қыздарымызға спорт журналистері тікелей барып, «әйел» деп айтып көрсінші,  бірден нокаут алары сөзсіз. Есін жиғаннан кейін  әлгі журналистердің әйелдерді де «қыздар» деп атайтынына кепілдік береміз. Ендеше, соққы алмай тұрғанда «әйел» деген таңқы түсінікті тоқтатқан дұрыс сияқты. Орыстардың идеологиясынан оңбай таяқ жеп жүрсек те,  соларға қарап ылғи емешегіміз үзіліп тұрғаны. «Женщинаны» жетектеп әкеліп,  тікелей тәржімалап алтын асықтай қыздарымызды «әйелдерге» теліп жүргеніміз сол. Әйтпесе, «Қазақстанның қыздар құрамасы» деген атау әдемі естіледі емес пе! Қазақтың қыздарын «әйелдер» қатарына қосу кіндігіміз қоса байланған кеңестік кезеңнен бастау алғаны мәлім. Тіпті құлағымызға сіңісті болып,  спорт әлемінде «әйелдерсіз» аттап баспайтын жағдайға да жеттік. «Қазақстанның футболдан әйелдер құрамасы», «Хоккейден Қазақстанның әйелдер құрамасы» ... деп жалғасып кете береді. Басқасын айтпағанда, гимнастикадан құрама сапында мектеп жасындағылар өнер көрсетеді емес пе!? Оған да «әйелдер құрамасы» деп айдар тағамыз. Қысқасы,   қазақ журналистерінің арқасында «әйелдердің» дәурені жүріп тұр?!. «Қыздардан» неге қашамыз? Өз басым осыны түсінбеймін.
Ғабит Мүсіреп
«Егемен Қазақстан»  
Соңғы жаңалықтар